Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматы облысында заманауи Мәдениет үйі ашылады

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысында жақын уақытта жаңа Мәдениет үйі ашылады

а
Фото: Қарасай ауданы әкімдігі

Қарасай ауданы әкімдігінің мәліметінше, Жібек жолы ауылындағы 200 орындық Мәдениет үйінің құрылысы – Қарасай ауданында мәдени инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік жобалардың бірі.

- Жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының мәдени өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау, ұлттық өнер мен дәстүрді дәріптеу, балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамыту және тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, - деп хабарлады аудан әкімдігінен.

а
Фото: Қарасай ауданы әкімдігі

Мәдениет үйінің құрылысы 2025 жылдың 24 ақпанында басталған. Қазір нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға беру рәсімдері жүргізіліп жатыр. Жобаның жалпы келісімшарттық құны - 658 млн теңге.

Жаңа мәдениет үйінде 200 орындық көрермендер залы, сахна және сахна артындағы техникалық бөлмелер, шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттер, вокал және музыкалық дайындық бөлмелері, хореография залы, бейнелеу және қолөнер кабинеттері және басқа да техникалық қызмет көрсету бөлмелері қарастырылған.

Нысан пайдалануға берілгеннен кейін онда домбыра үйірмесі, жыр-терме үйірмесі, ақындар орталығы, вокал, хореография, бейнелеу өнері, қолөнер және шахмат үйірмелері ашылады.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында жаңартылған теміржол стансасы пайдалануға берілді.