Алматы облысында жол апатынан 4 адам қаза тапты

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Полиция Алматы – Көкпек – Көктал – Шонжы автожолының 80-шақырымында болған жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғады.

жол апаты
Фото: pexels.com

Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 2025 жылғы 5 желтоқсанда болған. 

Audi A6 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып, Nissan Cefiro көлігімен соқтығысқан.

– Жол апатынан екі жүргізуші және екі жолаушы оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмды. Тағы үш жолаушы түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді, - делінген ведомство таратқан хабарламада.

Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүріп жатыр.

Тергеуді полиция департаменті басшылығы бақылауға алған.

Еске салайық, бұған дейін Алматы – Бішкек тасжолында көлік апатынан 7 адам қаза тапқан еді. Honda Odissei автокөлігінің жүргізушісі алда қозғалып бара жатқан HOWO жүк көлігінің тіркемесіне соқтығысқан.

Кейінірек қаза тапқан 7 адамның бесеуі спортшы екені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар