Алматы облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, тағы бесеуі зардап шекті
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облыстық полиция департаменті Алматы – Көкпек – Көктал автожолының 38-шақырымында болған жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғады.
Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes-Benz автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бағыттағы жолағына шығып кетіп, Hyundai автокөлігімен соқтығысқан.
– Жол апаты салдарынан Hyundai көлігінің жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Екі автокөліктің жүргізушілері және тағы үш жолаушы түрлі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді, - делінген хабарламада.
Полиция қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
Еске салайық, бұған дейін Шахтинск маңында 50 жолаушысы бар автобус жол апатына ұшырағанын жазғанбыз.