Алматы облысында жол апатынан екі жаяу жүргінші мерт болды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысында адам өлімімен аяқталған жол апаты болды.
Қайғылы оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, 6 қыркүйекте Алматы — Өскемен автожолының 18-шақырымында «Chevrolet Cobalt» автокөлігінің 37 жастағы жүргізушісі жолдың белгіленбеген жерінен өтіп бара жатқан егде жастағы екі адамды қағып кеткен. Алған жарақаттарының салдарынан екі жаяу жүргінші де оқиға орнында көз жұмды.
— Жаяу жүргіншілерді қағып кету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы Алматы облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында, — деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы тұрғын үй ауласында автокөлік екі баланы қағып кетті.