Алматы облысында жол ережесін бұзған 167 мыңнан астам адам анықталды
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Жыл басынан бері тәртіп сақшылары 248 987 құқық бұзушылықтың жолын кесті. Оның 167 719 жол қауіпсіздігіне қатысты.

Алматы облысының полицейлері құқық бұзушылықтарға қарсы күрестің тиімділігін арттыру үшін бейнебақылау камераларын, жолдардағы интеллектуалды бақылау жүйелерін, сондай-ақ арнайы жабдықталған көліктерді пайдаланды.
– Анықталған құқық бұзушылықтардың жалпы санының 167 719 жол қауіпсіздігіне қатысты.Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауға ерекше назар аударылды, соның ішінде жылдамдықты асыру, мас күйінде көлік құралдарын басқару, қауіпсіздік белдіктерін пайдалануды елемеу және басқа да қауіпті маневрлар. Полицияның күш-жігері апаттылықты азайтуға және жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деп атап өтті облыстық әкімшілік полиция басқармасынан.
Сонымен қатар, қоғамдық қауіпсіздікке қатысты 81 268 бұзушылық тіркелді.
– Полицейлер көшелер мен қоғамдық орындарды үнемі бақылап, бұзақылық, алкоголь өнімінің заңсыз айналымы және басқа да құқық бұзушылықтар жағдайларына ден қояды, – делінген хабарламада.
Еске салайық, Алматы облысының негізгі күре жолдарында 11 заманауи «Сұңқар» аппараттық-бағдарламалық кешені іске қосылған болатын.