Ақтөбеде апатты деп танылған үйдегі пәтерлерді банктегі кепілден шығару қиынға соғып тұр

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Есет батыр тұрғын алабындағы бес қабатты екі үйдің бірі мемлекеттік мекеме балансына өтті. Екінші үйде пәтер иесі жылжымайтын мүлкін банкке кепілге қойып, оны босату жұмысы әлі жалғасып жатыр.

Ақтөбеде апатты деп танылған үйдегі пәтерлерді банктегі кепілден шығару қиынға соғып тұр
Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматы ауданы Есет батыр тұрғын алабындағы № 39 «К», № 40 «К» үйлері екі жылдан бері бос тұр. «Нұрлы жер» бағдарламасымен үй салған құрылыс компаниясының басшылары мен техникалық бақылаушылар былтыр сотталды. Олар 5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енген соң Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімі екі үйді де тұрғын үй қатынастары бөлімінің балансына өткізуі керек. 

- Тұрғындардың пәтері банкте, өзге де қаржы институттарында кепілде болды. Әр пәтердің құжатын тексеріп, кепілден толық босату оңайға соқпады. Жақында ғана екі үйдің бірінің құжаты толық рәсімделіп, үй қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің балансына өтті. Енді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі экономика және қаржы бөліміне хат дайындайды. Қалалық экономика және қаржы бөлімі өкім шығарып, үйді құрылыс бөлімінің балансына береді. Содан соң сүру туралы құжат дайындалады. Ал екінші үйдегі бір пәтер банкке кепілге қойылған. Қазір заңгерлер жұмыс істеп жатыр,- деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, 5 қабатты екі үйдің тұрғындары 2023 жылы көшіріліп, жаңа үйге қоныстанды.

Соңғы жаңалықтар