Алматы облысындағы ауылдарда неліктен көше жарығы жиі өшеді
ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысы Қарғалы ауылының тұрғындары түнгі уақытта көше жарығының жиі өшетініне шағым білдірді.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 3 айдан бері ауылдағы шамдар түнгі уақытта жанбайды. Бұл қылмыс деңгейінің өсуіне ықпал етеді.
Айтылған мәселеге байланысты агенттік Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасына жүгінді. Сауалға жауап берген ведомство басшысы Нұрлан Өмірханов 2025 жылдан бастап Жамбыл ауданының елді мекендерінде, оның ішінде Қарғалыда көше жарығын уақытша өшіру режимі енгізілгенін айтты.
23:00-ден 05:00-ге дейін жарық болмайды. Қалған уақытта — 05:00-ден 07:00-ге дейін және 17:00-ден 23:00-ге дейін — жарықтандыру қалыпты режимде жұмыс істейді.
— Бұл шара 2025 жылдың 8 тамызындағы аудан әкімінің тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асырылып отыр және бюджет қаражатын тиімді пайдалану, электр энергиясына кететін шығындарды оңтайландыру, сондай-ақ тарифтердің өсуі жағдайында жергілікті бюджетке түсетін жүктемені азайтуға бағытталған, - деп түсіндірді ол.
Ол шектеулердің уақытша екенін атап өтті. Тариф жүктемесі тұрақтанса, энергия ресурстарының құны төмендесе немесе қосымша бюджет қаражаты бөлінсе көше жарығының жұмыс режимі қайта қаралуы мүмкін.
Еске салайық, бұған дейін Алматының Алатау ауданында жарықтың өшуіне себеп болған компанияға айыппұл салынды.