Алматы облысының аудандарында арнайы салық режимінің мөлшерлемесі өзгерді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM — Алматы облысының аудандық мәслихаттарында арнайы салық режимінің мөлшерлемесін белгілеу мәселесі қаралды.

Алматы облысының аудандарында арнайы салық режимінің мөлшерлемесі өзгерді
Фото: Алматы әкімдігі

2026 жылы күшіне енетін жаңа Салық кодексіне сәйкес, базалық мөлшерлеме 4 пайыз болып белгіленген. Алайда өңірлерге оны 2-6 пайыз аралығында реттеу құқығы берілген.

Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, Жамбыл, Іле, Қарасай аудандарында және Қонаев қаласында жергілікті мәслихат шешімімен ставка 4%-дан 2%-ға дейін төмендеді. Ал Еңбекшіқазақ, Талғар және Ұйғыр аудандарында мөлшерлеме 4%-дан 3%-ға азайтылды.

Жаңа мөлшерлемелер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда кәсіпкерлерге арнайы салық режимінің жаңа ставкасы 3% деңгейінде бекітілді. Қалалық мәслихат сессиясында Алматының кәсіпкерлік және инвестициялар басқарма басшысы Берікбол Мәндібаев еліміздің 19 өңірінде ставка 2–3% деңгейінде бекітілгенін, олардың қатарында Астана және Шымкент қалалары бар екенін атап өтті.

Соңғы жаңалықтар