Алматы облысының билігі тұрғын үйді салудың орнына дайынын сатып алуға көшті
Алматы облысында мектеп жасындағы балалар саны жыл сайын 13 мыңға көбейеді. Өңірде халық санына қарай баспана салу көрсеткіші де артып келеді. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Jibek Joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Бағдарлама жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан облыста 1,5 млн халық тұратынын, ондағы ең басты мәселе – тұрғын үй жетіспеушілігі екенін айтты.
«Өңірде адам санының артуының екі себебі бар – жергілікті халықтың көбеюі мен миграциялық процестер. Сол себепті жыл сайын тұрғын үй мәселесі өзекті бола түседі. Қазіргі уақытта 37 мыңнан астам адам кезекте тұр. Мемлекет баспана беретін 9 санат бар, соларға Үкімет көмектеседі, ал қалған тұрғындар басқа да бағдарламаларға қатыса алады», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Тұрғын үй құрылысы жөнінде облыс басшысы биыл тапсырылған баспана былтырғы көрсеткіштен 4 пайызға жоғары екенін айтты.
«Республика бойынша екі үлкен мегаполис қаладан кейін біз үшінші орында тұрмыз. Өңірде тек қана мектеп жасындағы балалар саны жыл сайын 13 мыңға артып отырады. Содан кейін біз – жергілікті атқарушы органдар үй салудан жұмыстарынан алшақтап, дайын, салынған үйді сапасына қарап, сатып алу принципіне көшіп жатырмыз. Оның өзінде де мемлекеттің бір шаршы метрге бөлген ақшасы Алматының маңайында үй сатып алуға жеткіліксіз, сол себепті шалғай ауылдарда сол ұстаныммен жұмыс істеп жатырмыз», – дейді Алматы облысының әкімі.