Алматы облысының тауларында адасқан төрт турист құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM — ТЖМ құтқарушылары Алматы облысының тауларында жолдан адасқан төрт туристке көмек көрсетті.
Алматы облысы Қарасай ауданында, Үлкен Алматы шыңы ауданында таудан түсу кезінде жолдан адасқан төрт туристке құтқарушылардың көмегі қажет болды.
Туристер тобының бағытынан жаңылып, өздігінен төмен түсе алмай қалғаны туралы хабарлама 112 пультіне келіп түсті.
— Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметінің құтқарушылары жедел шықты. Құтқару жұмыстарының нәтижесінде туристер табылып, «Проходная» автотұрағына дейін жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болған жоқ, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Түркістан облысында тауда адасқан ер адам құтқарылғанын жазғанбыз.