Алматы – Өскемен тасжолындағы жол апатынан бір адам қаза тауып, жеті адам жарақат алды
АСТАНА. KAZINFORM – Жетісу облысындағы Алматы – Өскемен автожолының 171-шақырымында екі Toyota Camry көлігі соқтығысты. Жол апатынан бір адам қаза тауып, тағы жеті адам жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Полицияның мәліметінше, аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Camry көлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, алдында сол бағытта кетіп бара жатқан тағы бір Toyota Camry көлігіне соғылған. Салдарынан көліктердің бірін басқарған 56 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Түрлі жарақат алған тағы жеті адам дәрігерлердің көмегіне жүгіну үшін ауруханаға жеткізілді.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр. Осыған байланысты полиция жүргізушілер мен жол қозғалысына қатысушыларды жол ережесін қатаң сақтауға шақырды.
– Жол қозғалысы ережесін әрдайым сақтаңыздар. Жылдамдықты жол мен ауа райының жағдайына қарай таңдаңыздар. Көліктер арасындағы арақашықтықты сақтап, рөлде отырған кезде басқа нәрсеге алаңдамаңыздар. Жолдағы қауіпсіздік әрқайсымызға байланысты екенін ұмытпаңыздар, – деді полиция өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандағы жол-көлік оқиғаларының 91 пайызы жүргізушілердің кінәсінен болатыны хабарланған еді.