Алматы полициясы қоғамдық тәртіп үшін дрондарды қолданып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы полициясы қоғамдық және жол қауіпсіздігін арттыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылып жатқанын хабарлады. 

Алматы полициясы қоғамдық тәртіп үшін дрондарды қолданып жатыр
Фото: видеодан алынған скрин

Полиция департаментінің мәліметінше, дрондар қоғамдық орындардағы, көше-жол желісіндегі, азаматтардың жаппай жиналатын аумақтарындағы және оларға іргелес аумақтардағы жалпы ахуалды бақылауға мүмкіндік береді. Оларды қолдану қоғамдық тәртіпті бұзудың алдын алуға, оның ішінде ұсақ құқық бұзушылықтарды анықтауға, ықтимал проблемалы учаскелерді мониторингтеуге, сондай-ақ төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге бағытталған. 

– Дрондарды пайдалану нақты уақыт режимінде болып жатқан жағдайдың объективті көрінісін алуға, адамдардың шоғырлануын, қозғалыстағы қиындықтарды, қауіпсіздігі төмен учаскелерді, абаттандыру қағидалары мен қоғамдық тәртіптің бұзылуын дер кезінде анықтауға, сондай-ақ полиция жасақтарының әрекеттерін тиімді үйлестіруге мүмкіндік береді, - деп хабарлады полиция департаментінен. 

Тәртіп сақшылары ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес пайдаланылатынын атап өтті. 

Еске салайық, ІІМ полиция дрондары мыңдаған құқықбұзушылықты әшкерелегенін мәлімдеді. 

Соңғы жаңалықтар