Алматы полициясы медициналық колледждегі төбелеске байланысты тексеру жүргізіп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы полициясы қаладағы колледждерінің бірінде болған төбелестен кейін тексеруді бастады. 

полиция
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Әлеуметтік желіде Алматыдағы колледждердің бірінде үш студенттің кәмелетке толмаған қызды ұрып-соққаны туралы ақпарат тарады. Жәбірленушінің әпкесінің айтуынша, қыз ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.

— Ол қазір Бірінші балалар ауруханасында ми шайқалуы диагнозымен жатыр, оң көзінің көруі нашарлаған, ауруханада бірнеше рет есінен танып қалды. Оны ұрып, тепкен, бетінде сызаттар қалған, — деп жазды әпкесі.

Қыздың туыстары колледж әкімшілігінің отбасына хабар бермегенін, оны оқудан шығарамыз деп қорқытып жатқанын айтты.

Ал профессор Рузуддинов атындағы Жоғары медициналық-стоматологиялық колледжі әкімшілігінің хабарлауынша, 1 желтоқсанда бірінші курс студенттері дауласып қалған. Бұл оқиғаға бір қыздың анасы араласқан. Әкімшіліктің мәліметінше, дәл сол әйел агрессивті әрекет жасап, дөрекі сөздер айтып, екінші студентке соққы жасаған. Ақырында жедел жәрдем шақырылып, қазір екі қыз да ауруханада жатыр.

Алматы полиция департаменті оқиғаға қатысты түсінік берді.

Ведомствоның мәліметінше, Алмалы ауданы полиция басқармасына жергілікті тұрғын қызының денесін колледж студенті жарақаттағаны туралы арыз жазған.

— Арыз бойынша жедел шаралар қабылданды. Қақтығысқа қатысқан барлық студент анықталып, ата-аналарымен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілді, — деп мәлімдеді Алматы полиция департаменті.

Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада қарастырылған барлық процессуалдық іс-қимыл жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесінде олардың әрекетіне құқықтық баға беріледі.

— Материалдар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясына қарауға жіберіледі. Ювеналдық полиция кешенді іс-шаралар жүргізіп, ата-аналарға қатысты әкімшілік шаралар қолданады. Қылмысқа қатысқан кәмелетке толмағандар профилактикалық есепке алынады, — деп нақтылады ведомствоның баспасөз қызметі.

Полиция департаменті жағдайды ерекше бақылауда ұстап отырғанын және кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын қабылдап жатқанын атап өтті.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда баланы аяусыз тепкен ер адам қамауға алынғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар