«Алматы Су» су құбыры мен кәріз жүйесінің басқа компанияға берілетінін жоққа шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыдағы су құбыры мен кәріз жүйесі басқа компанияның басқаруына беріледі деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
«Алматы Су» МКК мәліметінше, әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдарында тараған ақпаратқа негіз жоқ.
«Алматы Су» МКК — Алматы қаласының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ететін мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын. Қазір мекеме штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
— «Алматының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін басқа компаниялардың басқаруына беру жоспарланбаған», — деп хабарлады кәсіпорын.
Осыған байланысты «Алматы Су» тұрғындарды жалған ақпаратқа сенбеуге және мәліметтерді таратпас бұрын оның дұрыстығын тексеруге үндеді.
Кәсіпорын сондай-ақ Қазақстан заңнамасында көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы негізгі гидротехникалық нысандарды қайта жаңғыртудың жол картасы әзірленгенін жазғанбыз.