Алматы тауларында қоқыс жинап, тегін кофе алуға болады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматының жаңадан ашылған «Бұтақты» визит-орталығында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған экологиялық бастама іске қосылды.
Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, Іле-Алатауы ұлттық паркіне клушілер таудағы қоқысты жинап, визит-орталыққа өткізе алады. Оның орнына оларға тегін сусын — кофе немесе шай ұсынылады.
— Аталған бастама «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жоба табиғатты таза ұстауға шақырып қана қоймай, әрбір адамның жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Ұйымдастырушылар атап өткендей, тауда демалу мәдениеті — ең алдымен қоршаған ортаға ұқыпты қараудан басталады, — деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағында, туристер жиі баратын бағыттардың бірінде жаңа «Бұтақты» визит-орталығы ашылған болатын.
Алдағы уақытта Алматыдағы визит-орталықтар жаңа форматқа ауысуы мүмкін.