Алматы тұрғындары Көктөбедегі автотұрақ бағасының көтерілгеніне наразы
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы тұрғыны Көктөбеге көлікпен көтерілу құны тым қымбаттағынына наразылық білдірді.
Ол әлеуметтік желіде енді жеке көлікпен саябаққа шығатындар 25 000 теңге төлеу керегін, ал автобустағы жол жүру бағасы адам басына 4 000 теңге екенін айтқан.
Тұрғындардың пікірі екіге бөлінді. Бір бөлігі көліктерді мүлде шектеу немесе жаяу шығуды ұсынса, енді бірі мұндай ақшаға басқа қалаға саяхаттауға болатынын айтып отыр.
Саябақтың ресми сайтында қазіргі тарифтер былай көрсетілген:
• жеңіл көлік – 25 000 теңге;
• мотоцикл немесе мопед – 2 000 теңге;
• лимузин – 30 000 теңге;
• 8-15 орындық микроавтобус – 40 000 теңге;
• 15-50 орындық микроавтобус – 50 000 теңге.
Сонымен қатар саябаққа аспалы жол арқылы да көтерілуге болады. Бір адамға көтіріліп-түсу билетінің құны – 10 000 теңге, ал 6-12 жас аралығындағы балаларға – 5 000 теңге.
Айта кетейік, Көктөбенің автотұрақ тарифтері жылдан жылға өсіп келеді. 2023 жылы 5 000 теңгеден 7 000 теңгеге көтерілді, 2025 жылы 15 000 теңгеге, ал 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап 25 000 теңгеге көтеріліп отыр.
Еске салайық, бұған дейін «Қазтелерадио» АҚ Алматыдағы стратегиялық нысан болып есептелетін Көктөбе телемұнарасын туристер үшін ашылатыны не ашылмайтыны жөнінде түсінік берген еді.