Алматы тұрғыны үй ауласында 165 түп қарасора өсірген
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда есірткі құрамдас өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі анықталды.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Алатау ауданында 32 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол өз ауласында қарасора өсірген. Тексеру барысында полиция қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы аумақтан 165 түп өсімдікті және заңсыз әрекетте пайдаланылған ұялы телефонды тәркіледі.
- Сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, тәркіленген өсімдіктер «каннабис» (қарасора) түріне жатады, олардың жалпы салмағы 23 келіден асты. Мұндай әрекеттер заңды бұзып қана қоймайды, қоғамның қауіпсіздігіне де нақты қатер төндіреді. «Қарасора-2025»шарасы аясында профилактикалық жұмыстарға, атап айтқанда азаматтарға қарасора өсірудің қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін түсіндіруге ерекше көңіл бөлінеді, – деді Алматы қаласы Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Еске салайық, бұған дейін Қызылордада есірткі өсірген 47 адам ұсталды.