Алматы зообағы пайдаланылған шыршаларды қабылдай бастады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы хайуанаттар бағы пайдаланылған табиғи жаңажылдық шыршаларды қабылдауға арналған экологиялық акцияны бастады. Зообақтың хабарлауынша, бұл бастама жасыл желектерге «екінші өмір» сыйлап, жануарлардың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосуға мүмкіндік береді.
Жаңа жыл мерекелері аяқталғаннан кейін қала тұрғындары тірі шыршаларды қоқысқа тастамай, оларды Алматы хайуанаттар бағына тапсыра алады. Қабылданған ағаштар жануарлар қоршауына қойылып, олардың тіршілік ортасын байыту мақсатында пайдаланылады.
— Шыршалар бұғы, елік, қодас, қабан және басқа да жануарлардың қоршауында қолданылады. Жануарлар жаңа заттарға ерекше қызығушылық танытып, шыршаларды иіскеп, дәмін татып, тартып, секіріп, бұтағына сүйкеніп, қабығымен ойнайды. Бұл олардың қимыл-қозғалысын арттырып, күйзелісті азайтып, күнделікті тіршілігін әрлендіре түседі, — делінген хабарламада.
Тірі шыршалар 8-18 қаңтар аралығында Алматы қаласы, Орманов көшесі, 64 мекенжайындағы Алматы хайуанаттар бағының қызметтік кіреберісінде қабылданады. Байланыс телефоны: 8 (701) 676-85-85.
Алматы зообағы қала тұрғындары мен қонақтарын акцияға қатысуға, жануарлар мен қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға үндеді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан өңірлеріндегі жаңажылдық жасанды және тірі шырша бағаларын салыстырып шыққан едік.