Алматы зообағында шайқағыш жанаттар кейінгі 20 жылда алғаш рет төлдеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы хайуанаттар бағында Арчи мен Белла есімді шайқағыш жанаттар үш күшік дүниеге әкелді. Бұл — кейінгі 20 жылға жуық уақыт ішінде хайуанаттар бағында дүниеге келген шайқағыш жанаттың алғашқы төлдері. 

Алматы зообағында шайқағыш жанаттар кейінгі 20 жылда алғаш рет күшіктеді
Фото: Алматы хайуанттар бағы

Алматы хайуанаттар бағы баспасөз қызметінің мәліметінше, күшіктер 27 сәуірде туған. Алғашқы айларда олар анасымен бірге ұяда болып, сыртқа шықпаған. Белла төлдерін ерекше қамқорлықпен бағып, оларға ешкімді жолатпаған. Қазір күшіктер өсіп, өздігінен қозғала бастағандықтан, үлкен қоршауға шығып, айналаны қызығушылықпен зерттеп жүр.

Алматы зообағында шайқағыш жанаттар кейінгі 20 жылда алғаш рет төлдеді
Фото: Алматы хайуанттар бағы

Әзірше күшіктердің жынысы анықталмағандықтан, аты да кейінірек қойылады.

— Шайқағыш жанаттардың жаңа туған күшіктерінің салмағы небәрі 60-70 грамм болады. Олар соқыр әрі саңырау күйде дүниеге келеді және алғашқы апталарда толықтай анасына тәуелді болады. Бұл кезеңде тек ана сүтімен қоректенеді. Қазір күшіктер біртіндеп ересек жануарлардың азығына үйреніп келеді. Рационында ет, балық, көкөніс, жеміс-жидек және сүйікті сұлы ботқасы бар, — дейді «Жыртқыш сүтқоректілер» бөлімінің жетекшісі Гауhар Сергібаева.

Алматы зообағында шайқағыш жанаттар кейінгі 20 жылда алғаш рет төлдеді
Фото: Алматы хайуанттар бағы

Шайқағыш жанаттар отбасы хайуанаттар бағының керіктер экспозициясына қарама-қарсы орналасқан жыртқыш аңдарға арналған «Леопард» аймағындағы ең шеткі қоршауда мекендейді.

Мамандар күшіктердің аман-есен өсіп, жетілетініне сеніп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Алматы зообағында егіз лемурлар мен аққол гиббонның төлі туғанын жазғанбыз.