Алматыда 2025 жылы қандай ерекше рекорд орнатылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Биыл Алматы қаласы мен Алматы облысында бірқатар ерекше рекордтар тіркелді.
Олардың бірі - әйгілі Гиннес рекордтар кітабына тіркелсе, қалғандары Global Book of Records дүниежүзілік рекордтар кітабы мен Қазақстан рекордтар кітабына енді.
Ең ұзын лағман
2025 жылдың 1 мамырында Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Алматыда еліміздегі ең ұзын лағман жасалды.

«Айнабұлақ» шағын ауданындағы № 4 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 1704 метр болатын лағман дайындалды және бұл дерек Қазақстанның Рекордтар кітабында ресми тіркелді.

Жалпы 19 келі ұннан қамыр иленіп, 50-ден астам аспаз тағамды екі сағаттың ішінде дайындаған.

- Аспаздардың алдында қамырды жыртып алмай дайындау міндеті тұрды. Қиындықтарға қарамастан біздің аспаздар оны өте жақсы дайындады, - деді Жетісу ауданы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Омарова.
Ең үлкен құрақ көрпе
Мегаполисте тіркелген ерекше рекордтар қатарында - биыл Медеу мұз айдынында құрақ көрпе жинауға арналған іс-шара да бар.

Мұз айдын алаңына құрақ көрпелер жайылып, бір пішінмен бірге жиналды. Бұл көрпелер алдын ала барлығы бір түсте, салмағы мен өлшемі бірдей бір материалдан жасалған. Іс-шараға Қазақстанның 20 өңірінен 660 құрақшы келіп қатысты.

Ұйымдастырушылар мәліметінше, олардың ең кішісі 6 жаста, ең үлкені — 90 жаста болды. Ал өңірлер бойынша бастамаға қатысқан ең үлкен делегация Алматы қаласы (93) мен Түркістан облысынан (99).
Әлемде әйгілі 4 дүниежүзілік рекордтар кітабының бірі - Global Book of Records өкілдері мәдени іс-шараға арнайы қатысып, ерекше рекордты ресми түрде тіркеді.
Ең үлкен керуен
Алматы облысында да 2025 жылы ерекше рекордтар тіркелді. Іле ауданының Күрті ауылдық округінде әлемдегі ең үлкен түйе керуені жүріп өтті.

Керуен құрамына 1 000 түйе енгізіліп, олар арнайы дайындалған 1 шақырымдық жолды жүріп өтті. Бұған дейінгі әлемдік рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелген болатын. Ол кезде тек 365 түйе қатысқан еді. Қазақстан бұл жетістікті үш еседен астам арттырып, әлем назарын өзіне аударды.

Іс-шараға Англиядан арнайы келген Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг қатысып, керуеннің әр қимылын қатаң бақылап отырды. Барлық талаптар сақталғанына көз жеткізген соң, ол жаңа рекорд ресми түрде тіркелгенін хабарлады.

Еске салайық, Қазақстан не шетелдік рекордтар кітабына енбесе де, Алматы метросы биыл өзі үшін жаңа рекорд орнатты. 30 қыркүйек, «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы ойын өткен күні метрополитен 142 932 жолаушы тасымалдады.