Павлодарда өндірістік жарақаттар тау-кен металлургия саласында жиі тіркеледі
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жылдың алғашқы тоқсанында өңірдегі мемлекеттік еңбек инспекторлары тұрғындардың 364 өтінішін қараған. Олардың ішінде 43 шағым еңбекті қорғау мәселелеріне қатысты болған.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Абылай Сабыровтың айтуынша, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі жағдайға азайған.
— Барлық өтініштер белгіленген тәртіппен қаралды. Анықталған бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданды, — деп хабарлады департамент өкілі.
Зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия саласында тіркелген. Бұл өндірістік нысандардың жоғары шоғырлануымен және жұмыстардың қауіптілігімен байланысты. Әрбір дерек бойынша тексерулер жүргізіліп, себептері анықталған және оларды жою бойынша шаралар қабылданған.
Еске сала кетейік, Ақсу ферроқорытпа зауытында жұмысшы қаза тапты.