Алматыда 4 кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысын бермей отыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2026 жылдың бірінші тоқсанында азаматтардың 3 мыңға жуық өтініші қаралып, еңбек заңнамасын бұзған 300-ден астам оқиға анықталды. Бұл туралы қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің өкілдері айтты.

ы
Коллаж: Kazinform

Департамент басшысының орынбасары Қасымбек Сайлауовтың айтуынша, осы уақытта жеке және заңды тұлғалардан 2 969 өтініш келіп түсіпті. Содан 297 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 331 заң бұзушылық анықталған екен, оның басым бөлігі еңбек қатынасына қатысты болып шыққан.

– Бірінші тоқсанда біз азаматтардың еңбек құқығын қорғау бағытында үлкен жұмыс жүргіздік. 3 мыңға жуық өтінішті қарап, шамамен 300 тексеру өткіздік. Нәтижесінде 300-ден астам заң бұзушылық анықталды, олардың көпшілігі еңбекақы төлеуге байланысты. Бұл қызметкерлерді қорғау мәселесі әлі де өзекті екенін көрсетеді, - деді Қасымбек Сайлауов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында.

Тексеру қорытындысы бойынша 202 нұсқама беріліп, оның 140-ы орындалған, бұл – 69,3%. 159 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұлдың жалпы сомасы 33,4 млн теңгеге жетті, оның 18,1 млн теңгесі өндірілді. Өндірісте 14 оқыс оқиға тіркеліп, 14 қызметкер зардап шеккен.

– Айыппұлдың 60%-дан астамы өндірілді, нұсқаманың да басым бөлігі орындалды. Өндірісте жарақат алу жағын да бақылап отырмыз, өйткені қызметкерлердің қауіпсіздігі – басты басымдықтың бірі, - деді ол.

Қазір 63 қызметкерге 31,6 млн теңге берешек болып қалған 4 кәсіпорын бар. Осындай ұйымның қатарында «Бегалы» жеке кәсіп иесі мен бірнеше жекеменшік мектеп те бар, олар да жалақы мен өтемақы жағынан қарыз.

– Біз нұсқама беріп, айыппұл салып, материалдарды мәжбүрлеп орындауға жібердік. Жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, ішінара төлем жасалып жатыр, еңбек дауына негіз жоқ, - деді ведомство басшысы.

Жалпы, осы кезеңде департамент жүргізген жұмыстың арқасында 45 кәсіпорында 44,1 млн теңге көлеміндегі еңбекақы қарызы өтеліп, 78 қызметкердің құқығы қорғалды. Былтыр 163 ұйымда 1 млрд теңгеден астам қарыз өтеліп, шамамен 2,9 мың қызметкердің алдындағы берешек жабылған.

Еске салайық, бұған дейін Астанада 254 кәсіпорында еңбек құқығының бұзылу қаупі жоғары екенін хабарлағанбыз.