Алматыда 500 келіден астам есірткі тәркіленді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымы саласында 629 құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде 279-ы – өткізу фактілері.

Ф
Фото: Алматы полициясы

Алматы полиция департаментінің бастығы Айдын Қабдұлдиновтің мәліметінше, көлеңкелі нарыққа 500 келіден астам есірткі затының түсуіне жол берілмеді. Оның ішінде 54 келіден астамы – синтетикалық заттар. Осылайша, шамамен 2,5 мың доза есірткі айналымға түспей, қоғамнан оқшауланды.

Полиция мәліметінше, жұмыс бірнеше бағытта жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, профилактика, цифрландыру және халықаралық ынтымақтастық қамтылған. Қазіргі таңда жасанды интеллект негізіндегі талдау жүйелері, ұшқышсыз ұшу аппараттары және дәлелдемелермен жұмыс істеуге арналған цифрлық шешімдер кеңінен енгізіліп жатыр. Сондай-ақ есірткі жарнамасына қарсы күреске ерекше назарда.

Еріктілер мен бейжай қарамайтын азаматтардың қатысуымен есірткіні насихаттайтын 15 мыңнан астам граффити жойылып, 2 мың 900-ге жуық интернет-ресурс анықталып, бұғатталған. Азаматтардың көмегімен есірткі таратуға қатысы бар 92 адам ұсталып, барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Айдын Кабдұлдинов сондай-ақ әлеуметтік желілер, мессенджерлер және граффити арқылы есірткі тарату үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.

Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап азот тотығының айналымы үшін жауапкершілік күшейтілді. Ол күшті әсер ететін зат ретінде танылып, заңсыз сақтау және тарату үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда еріктілердің көмегімен 670 есірткі сайты бұғатталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар