Алматыда ақылды технологияларға арналған Қазақстан-Қытай халықаралық көрмесі өз жұмысын бастады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 2 шілдеде Қазақстан-Қытайдың ақылды технологиялар мен заманауи өмір салтына арналған XXI халықаралық көрмесі өз жұмысын бастады. Іс-шара аясында форум өтіп, Қазақстан мен Қытай кәсіпкерлері арасында B2B форматындағы іскерлік кездесулер ұйымдастырылды.
Жалпы аумағы 10 мың шаршы метр болатын көрме алаңында 500-ге жуық стенд орналастырылған. Көрмеге Қытайдың түрлі провинциялары, автономиялық өңірлері мен ірі қалаларынан келген 400-ге жуық кәсіпорын қатысып жатыр.
Олардың қатарында Бейжің, Цзилинь, Чжэцзян, Фуцзянь, Цзянси, Шаньдун, Хэнань, Гуандун, Сычуань, Шэньси, Ганьсу және Шыңжаң өңірлерінің компаниялары бар. Сонымен қатар көрмеге Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусының делегациясы да қатысып отыр.
Қазақстан тарапынан көрмеге 100-ден астам ірі кәсіпкер мен бизнес өкілдері барған. Сондай-ақ көрмеге Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Әзербайжаннан делегациялар қатысып, қытайлық компаниялармен іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
Көрменің маңызды бөлімдерінің бірі апаттық-құтқару және тау-кен саласына арналған заманауи жабдықтардың арнайы экспозициясы болды. Онда төтенше жағдайлар кезінде қолданылатын қытайлық озық техника мен апаттардың салдарын жоюға арналған кешенді инженерлік шешімдер таныстырылды.
Экспозицияның негізгі жаңалығы — Қытайда шығарылған санитарлық авиация ұшақ. Оның таныстырылымы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың дәстүрлі тауар айналымынан жоғары технологиялар мен инновациялық өнімдерге қарай бет бұрғанын көрсетті.
Қазір екі ел арасындағы серіктестік жоғары технологиялар, медициналық техника, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жоюға арналған шешімдер сияқты қосылған құны жоғары салаларды дамытуға басымдық беріп келеді.
B2B форматындағы кездесулер аясында Қазақстан мен Қытайдың 130-дан астам жетекші кәсіпорны өзара келіссөз жүргізді. Кездесулерде тұрмыстық медициналық техника, жаңартылатын энергия көздеріне негізделген энергия сақтау жүйелері, «ақылды үй» технологиялары, смарт-гаджеттер және интеллектуалды қойма жүйелері сияқты инновациялық бағыттар бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл көрме Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашатын маңызды алаңға айналып отыр.