Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда аптап ыстық кезінде көшелерде аэрация жұмыстары күшейтіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК мамандарының мәліметінше, 16–20 шілде аралығында Алматыда ауа райы шамадан тыс ыстық болады. Кей жерлерде ауа температурасы +42 градусқа дейін жетіп, биылғы маусымда алғаш рет +40 градустан асып, климаттық нормадан едәуір жоғары болады.

Алматыда аптап ыстық кезінде көшелерде аэрация жұмыстары күшейтіледі
Фото: Александр Павский/Kazinform

Осыған байланысты ауа температурасының көтерілуіне орай көше-жол желісін күтіп ұстау және қалалық аумақтарды қосымша салқындату шараларын күшейту туралы шешім қабылданды.

Алматы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы өкілдерінің мәліметінше, осы кезеңде негізгі магистральдық көшелерде және адам көп жүретін учаскелерде жол жабынын суарып, ауаға су бүрку (аэрация) жұмыстарын жүргізетін 16 арнайы техника бағанасы жұмылдырылады. Жұмыстар тәуліктің ең ыстық уақытында жүргізіліп, қаланың 128-ден астам көшесін қамтиды.

Сонымен қатар көше-жол желісін күнделікті санитарлық күтіп ұстау жұмыстары жалғасады.

— Қазіргі уақытта жолды, тротуарды, аялдама павильондарын және қалалық инфрақұрылымның басқа да нысандарын жууға 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған, — делінген хабарламада.

Аэрация және суару жұмыстары жол жабыны маңындағы ауа температурасын төмендетуге, шаңның көтерілуін азайтуға, асфальттың қызып кетуінің алдын алуға және осындай аптап ыстық кезінде жол жабынына түсетін температуралық жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның оңтүстігінде 48 градусқа дейін аптап ыстық болатынын жазғанбыз.