Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда әртүрлі мақсатта 40-тан астам жер учаскесі сатып алынады

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда мемлекет мұқтажына алынатын жер телімдерінің жаңа тізімі жарияланды.

Астанада игерілмеген жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 29 шілдедегі № 3/405-1189 қаулысына сәйкес, ауысып-міну көлік торабын салу үшін Медеу ауданында орналасқан 32 жер учаскесі мемлекет мұқтажына сатып алынады. Мәжбүрлеп иеліктен шығару мерзімі 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін белгіленген. Жер телімдері сатып алған соң, Алматы қаласы Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының теңгеріміне беріледі.

Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 29 шілдедегі № 3/405-1190 қаулысы бойынша №20 мектептің аумағын кеңейту үшін Түрксіб ауданы Нарынқол, Потанин, Ярославский, Герцен көшелерінің қиылысында орналасқан 9 жер учаскесі 2028 жылдың 31 желтоқсанына дейін мәжбүрлеп иеліктен шығарылады.

Ал Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 29 шілдедегі №3/405-1191 қаулысына сәйкес, аспалы арқан жолдың базалық станциясының құрылысы үшін Медеу ауданы, «Мұзтау» шағын ауданында орналасқан 3 жер учаскесі сатып алынады. Кейін аталған учаскелер Алматы қаласы Туризм басқармасы теңгеріміне өтеді.

Одан бөлек Индустриалық аймақтың аумағын кеңейту үшін Алатау ауданы, «Алғабас» шағын ауданындағы «Gold Aquarium» ЖШС учаскесінің 0,2772 га аумағы мемлекет мұқтажына алынады. Ол Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының теңгеріміне беріледі. Бұл Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 29 шілдедегі №3/405-1192 қаулысында көрсетілген.

Алматы қаласы әкімдігінің 2026 жылғы 29 шілдедегі №3/405-1193 қаулысы бойынша саябақ құрылысы үшін Түрксіб ауданы, «Қайрат» шағын ауданында орналасқан 3 учаске мәжбүрлеп иеліктен шығарылады.

Барлық жер телімі бойынша Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасы заңнамамен белгіленген өтемақы төлеуді қамтамасыз етеді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда Тілендиев көшесін ұзартуға сатып алынатын жер телімдерінің тізімі ұлғайды.