Алматыда ауыр қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген ер адам ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы полиция қызметкерлері бопсалау және тонау деректері бойынша ауыр қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген ер адамды қолға түсірді.

Алматыда ауыр қылмыс жасады деген күдікпен іздеуде жүрген күдікті ұсталды
Фото: Алматы полиция департаменті

Полицияның хабарлауынша, бұл қылмыс 2024 жылы жасалған. Тергеу мәліметінше, үш адамнан құралған топ қорқыту және күш қолдану арқылы шамамен 3 миллион теңге көлеміндегі ақшаны заңсыз иемденген.

Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қылмысқа қатысы бар екі адам дереу ұсталып, сот үкімімен жазаланған. Ал үшінші күдікті оқиға орнынан бой тасалап, кейіннен іздеу жарияланған.

Іздеуде жүрген адамның жүрген жері анықталып, ол ұсталды.

— Күдікті бір жылдан астам уақыт бойы жасырынып жүрген. Мақсатты әрі жүйелі жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде оның орналасқан жері анықталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады, — деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Мендебаев.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында барымтамен айналысқан қылмыстық топ ұсталғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар