Алматыда Bek Air ұшағының апатына байланысты сот үкімі шықты

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда 2019 жылы болған Bek Air ұшағының апатына қатысты сот үкімі шықты. 

Алматыда Bek Air ұшағының апатына байланысты сот үкімі шықты
Фото: Видеодан алынған скрин

Сот марқұм ұшқыштар — Мейіржан Молдақұлов пен Марат Мұратбаевты Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі (әуе көлігін басқару немесе пайдалану кезінде қауіпсіздік қағидаларын бұзу, әрекеттің абайсыздықтан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғуы) бойынша кінәлі таныды. Олардың өмірден өтуіне байланысты қылмыстық жаза тағайындалған жоқ.

— Тергеу барысында ұшқыштардың ұшу ережелерін он бір рет бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, олар ұшуға дейінгі тексеруді тиісінше жүргізбеген, қанаттағы мұз қатуын байқамаған және мұздануға қарсы өңдеу жүргізу туралы шешім қабылдамаған. Сонымен қатар ұшу кезінде ұшақтың көтерілу бұрышы мен бағытын сақтау талаптары бұзылған. Бұл жағдайда ұшуды тоқтату қажет еді. Аталған қателіктер мен әуе кемесінің командирі мен екінші ұшқыштың әрекетсіздігі апатқа әкеліп соққан, — деп хабарлады сот.

Сот жарыссөзінде прокурор Айдос Палманов ұшақ апатына әуе кемесін басқарған ұшқыштар кінәлі екенін айтты.

Ал жәбірленуші тараптың адвокаты қаза тапқан ұшқыштарды ақтап, олардың орнына Алматы халықаралық әуежайы мен Азаматтық авиация комитеті қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады.

Сондай-ақ ұшқыштардың әйелдері тағылған айыпқа наразылық білдірді.

Сот барысында Bek Air әуе компаниясының мүлкіне шектеу қойды.

Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан Bek Air компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті. Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.

Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін Bek Air әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.

Соңғы жаңалықтар