Алматыда Денис Теннің құрметіне халықаралық турнир өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — 7-10 қазан аралығында Алматыда мәнерлеп сырғанаудан халықаралық турнир — Денис Тен Мемориалы өтеді.

Алматыда Денис Теннің құрметіне халықаралық турнир өтеді
Фото: ҚРО ҰОК

Бұл турнирге 25 елден 150-ге жуық мәнерлеп сырғанаушы қатысады.

Жарыс аясында жасөспірімдер, ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сырғанауда, сондай-ақ, мұздағы биде жүлделер сарапқа салынады. Байрақты бәсеке Halyk Arena мұз айдынында өтеді.

Айта кетейік, бұл турнир Қазақстанның мәнерлеп сырғанау тарихында өшпес із қалдырған 2014-Олимпиада ойындарының жүлдегері Денис Теннің құрметіне ұйымдастырылады.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар Түркияда өтетін Гран-при сериясының төртінші кезеңіне қатысатынын жазған едік.