Алматыда «дипломын» жыртқан түлек жазаланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда әлеуметтік желіде дипломын жыртып жатқандай көрінген видео жариялаған түлек әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алматы полициясының мәліметінше, TikTok платформасына мониторинг жүргізу барысында қоғамда кең талқыланған видео анықталған. Тексеру кезінде Алматыдағы жекеменшік колледждердің бірінің түлегі диплом табыстау рәсімінен кейін жоғары білімді растайтын құжаттың мұқабасына ұқсас затты көпшілік алдында жыртып жатқан видеоны жариялағаны белгілі болды.
Алайда тексеру нәтижесінде түлектің дипломының түпнұсқасы, оған қоса берілетін қосымшасы және оқу орны тапсырған түпнұсқа мұқабасы бүлінбегені анықталды. Видеода алдын ала дайындалған диплом мұқабасының көшірмесі пайдаланылған.
— Соған қарамастан жарияланған видео әлеуметтік желілерде кең тарап, қоғамда түрлі пікір туғызып, полицияның тексеру жүргізуіне негіз болған. Тексеру қорытындысы бойынша бейнежазба авторы Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады полиция.
Еске салайық, бұған дейін Абай облысының тұрғыны 600 мың теңгеге дәрігер дипломын сатып алмақ болғанын хабарлаған едік.