Алматыда екі құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда құрылыс сапасын арттыру және тұрғындардың құқығын қорғау мақсатында бақылау күшейтілді, нәтижесінде биыл екі құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылды.

Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов айтты.
Оның сөзінше, әкімдіктің басты міндеті – құрылыс саласында тәртіп орнатып, заңбұзушылықтарға жол бермеу. Әсіресе үлестік қатысу арқылы тұрғын үй салу бағыты ерекше бақылауда.
– Құрылыстың сапасы, мерзімі және келісімшарт талаптарының орындалуы қатаң бақыланады. Егер заң бұзылса, ескерту жасаймыз, айыппұл саламыз немесе қажет болса, жұмысты тоқтатамыз, - деді Бейбіт Шаханов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Оның сөзінше, биыл «СК 7 Строй» ЖШС және «AsiaMax» ЖШС лицензиясынан айырылды. «СК MEGARON» ЖШС бойынша тексеру жүргізіліп жатыр, ал «Құрылысшы-ТБС» ЖШС лицензиясының бір бөлігі тоқтатылған. Сондай-ақ «Алатау сапа құрылыс» ЖШС техникалық қадағалау құқығынан айырылған.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда кәріз желілерін дұрыс жүргізбеген мердігер лицензиясынан айырылғанын хабарлағанбыз.