Алматыда Хмельницкий көшесін Талғар тасжолына дейін ұзарту 2026 жылы басталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда келесі жылы Хмельницкий көшесін Талғар тасжолына дейін ұзарту жұмыстары басталады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Түрксіб ауданының әкімі Бақытжан Ақжаров айтты.
— Хмельницкий көшесін «Қайрат» шағын ауданынан алдымен Құлжа тасжолына, кейінірек Талғар трактіне дейін ұзарту бойынша ауқымды жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Жолдың жалпы ұзындығы — 4,3 шақырым, — деді Бақытжан Ақжаров.
Одан бөлек 2026 жылы Түрксіб ауданында 70 көшеде 49,3 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Олардың ішінде Шемякин, Шолохов, Тараз, Саңлақ, Ақан сері сынды көшелер бар.
Сондай-ақ аудан әкімі 2025 жылы атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Биыл 35 көшеде 44 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізілген. 19 көшеде 3,5 шақырым жаңа жол салынған.
Еске салайық, бұған дейін Хмельницкий көшесін ұзарту үшін Медеу және Түрксіб аудандарынан 27 учаске мемлекет мұқтажына алынатынын жазғанбыз.