Алматыда қанша тұрғын үй ПИК-тен МИБ-ке ауысты

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазір Алматыда 9 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 6 227-і басқарудың жаңа форматына ауысты. Бұл туралы қалалық әкімдіктің Kazinform тілшісінің сауалына берген жауабында айтылды. 

үй
Фото: Алма Мұқанова / Kazinform

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасының мәліметінше, 1 555 көпқабатты үй пәтер иелері кооперативтерінен мүлік иелерінің бірлестігіне (МИБ) және 4 672 үй жай серіктестікке (ЖС) көшкен. 

— Басқарудың жаңа формасы «Мүлік иелерінің бірлестігі» коммерциялық емес ұйымының жаңа нысаны «бір үй — бір бірлестік — бір шот» қағидаты бойынша құрылды, ол әрбір үйді басқарудың жеке тәсілін көздейді, сондай-ақ тұрғындарға ақша түсімі мен оның жұмсалуын мониторинг жасауға және тек өз үйін ұстауға қаражат жинауға мүмкіндік береді, — деп атап өтті басқармадан.

үй
Фото: Алма Мұқанова / Kazinform

МИБ-ке немесе ЖК-ға қалай ауысуға болады?

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес, тұрғын үйді басқару нысанын таңдау туралы шешім қабылдау үшін тұрғындар көппәтерлі тұрғын үйдің пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иелерінің жиналысын өткізіп, кондоминиум объектісін сайлауға міндетті.

Олар мынадай формалар болуы мүмкін:

  • Мүлік иелерінің бірлестігі — көппәтерлі бір тұрғын үйдің пәтерлерінің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иелері құрған, кондоминиум объектісін басқаруды жүзеге асыратын, оны ұстауды қаржыландыратын және оның сақталуын қамтамасыз ететін коммерциялық емес ұйым болып табылатын заңды тұлға.
  • Көппәтерлі тұрғын үйдің жай серіктестігі — қызметін ҚР азаматтық заңнамасына сәйкес жасалған бірлескен қызмет туралы шарт негізінде жүзеге асырады. Бұл ретте пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайдың меншік иелері кондоминиум объектісін басқару нысандарын таңдауда және өзгертуде ерікті.
үй
Фото: Алма Мұқанова / Kazinform

Сонымен қатар, коммуналдық қызмет көрсететін ұйымдар төлем болмаған, сондай-ақ, шартта белгіленген мерзімде толық төлем болмаған жағдайда, қызметтерді толық немесе ішінара көрсетуді тоқтатады.

Сондай-ақ rоммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы тұрғын үйді басқару органдары өз міндетін дұрыс атқармаған жағдайда қайда жүгінуге болатынын түсіндірді.

— Егер басқару органы өз міндеттерін тиісті түрде орындамаған жағдайда тұрғындар басқару органына қатысты шаралар қабылдау және тексеру жүргізу үшін, сондай-ақ тексеру парағының 13 тармағы бойынша бұзушылықтар болған жағдайда Достық даңғылы, 85 мекенжайындағы 5-қабат 504 кабинетке жүгіне алады, — делінген басқарма жауабында. 

үй
Фото: Алма Мұқанова / Kazinform

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық реформасын сынға алған еді.

Кейін Мәжілістің жалпы отырысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, жаңа заң жобасы екі негізгі мәселені шешеді. 

— реформа жүргізілген 6 жыл ішінде институт ретінде жойылмаған пәтер иелері кооперативтері қызметінің ашықтығына қойылатын талаптарды енгізу;

— тұрғындардың кондоминиумды басқару нысандары мен шарттарын таңдауы үшін барынша еркін құқықтық орта құру.

— Пәтер иелері кооперативтерінің басқару субъектісі ретіндегі қызметіне жаңа талаптар қойылады.

үй
Фото: Алма Мұқанова / Kazinform

— Атап айтқанда, субъектіні қайта тіркеу тәртібі, құқық белгілейтін құжаттарды беру тәртібі, сол сияқты жұмыстың ашықтығына қойылатын талаптар бар. Сол сияқты меншік иелері бірлестігі төрағасының өкілеттік мерзімі бір жылдан үш жылға дейін ұлғаяды, меншік иелерінің бірлестігіне үйді басқару жөніндегі қызметті өз еркімен жүргізуге құқық беріледі және құрылыс салушының бірінші пәтерді сатқаннан кейін кондоминиумды тіркеу міндеттемесі көзделеді, — дейді Екатерина Смышляева.

Еске сала кетсек, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы ұлттық жобасын әзірлеу былтыр қолға алынды

Соңғы жаңалықтар