Алматыда картинг көліктерімен көшеге шыққан жүргізушілер тобы жазаланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда бір топ азамат картингке арналған спорт көліктерімен көшеге шықты.
Олар «Медеу» мұз айдынына апаратын жолда жарыс ұйымдастырмақ болған. Алматы қаласының полиция департаменті құқық бұзушылар анықталып, жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.
— Тексеру нәтижесінде оқиғаға қатысқан барлық азаматтың жеке басы жедел түрде анықталды. Жол қозғалысы қағидаларын бұзғаны үшін 4 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлық спорт көліктері мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды, — деп хабарлады департаменттен.
Сонымен қатар Алматы полициясы ортақ пайдалануға арналған автомобиль жолдарына спорттық техниканың шығуына болмайтынын еске салды.
— Мұндай әрекеттер жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіріп, заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады, — деп атап өтті полициядан.
Еске салайық, Алматыда биыл 42 жүк көлігі айыппұл тұрағына қойылды.