Алматыда Қазақстанның Курорттық кеңесі құрылды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматыда мемлекеттік органдардың, ғылыми және медициналық қоғамдастықтың, санаторийлік-курорттық ұйымдардың өкілдері мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен «Шипажай-2026» XI халықаралық ғылыми-практикалық форумы өтті.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, форумның басты нәтижесі — Қазақстан Республикасының Курорттық кеңесін құру туралы шешімнің қабылдануы. Бұл шешім іс-шараның қарарында бекітілді.
Курорттық кеңес мемлекеттік органдар, ғылым және практикалық денсаулық сақтау өкілдерін біріктіретін алаңға айналады. Оның аясында санаторийлік-курорттық саланы дамыту, мемлекеттік саясатты жетілдіру және медициналық оңалтуға заманауи тәсілдерді енгізу бойынша жүйелі ұсыныстар әзірленеді.
Форум жұмысына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қатысты. Ол санаторийлік-курорттық сауықтырудың қазіргі денсаулық сақтау жүйесі мен медициналық туризмді дамытудағы маңызы артып келе жатқанын атап өтті.
— Бүгінде санаторийлік-курорттық сауықтыру медициналық туризмді трансформациялап, дәстүрлі емдеуді жоғары технологиялық медицинамен, Check-up форматындағы жекелендірілген бағдарламалармен, заманауи диагностикамен және цифрлық шешімдермен біріктіріп жатыр, — деді министр.
Форум барысында мамандар курортология мен медициналық оңалтудың заманауи технологияларын, денсаулық сақтаудағы цифрлық шешімдерді, санаторийлік-курорттық емдеуді дамыту, кадрлар даярлау және халықаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ қалпына келтіру емінің инновациялық әдістерін енгізуге және санаторийлік-курорттық саланың медициналық оңалту жүйесінің бір бөлігі ретіндегі мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Форумға Қазақстан, Қытай, Сингапур, Түркия, Әзербайжан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Еуропа елдері мен АҚШ-тан мамандар қатысты.
Еске салайық, бұған дейін инватакси мен шипажай қызметтерінің шығынын өтеу тәртібі өзгергенін жазғанбыз.