Алматыда кене шаққан жағдайда қайда жүгіну қажет
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда тұрғындарды кене шағу деректері көбейген.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, кене шаққаннан кейін 96 сағат ішінде міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет. Себебі дәл осы кезеңде кенеге қарсы иммуноглобулин енгізу ең тиімді нәтиже береді.
Алматы тұрғындары 1312 желісіне хабарласып, кене шағу және оған қарсы вакцинация мәселесі бойынша кеңес ала алады. Ал кенені алып тастау және иммуноглобулин енгізу сынды шұғыл көмек — қалалық ауруханалардың травматология пункттерінде көрсетіледі.
- Алмалы және Бостандық аудандарының тұрғындары Жандосов көшесі, 6 мекенжайындағы Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жүгіне алады.
- Түрксіб және Жетісу аудандарының тұрғындарына Папанин көшесі, 220 мекенжайындағы №4 қалалық клиникалық ауруханада көмек көрсетіледі.
- Әуезов, Алатау және Наурызбай аудандарының тұрғындарын «Қалқаман» шағын ауданы, 20 мекенжайында орналасқан №7 қалалық клиникалық аурухана қабылдайды.
- Медеу ауданының тұрғындары Қазыбек би көшесі, 96 мекенжайындағы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жүгінуге тиіс.
Ведомство қала емханаларында 16 жастан асқан азаматтарға арналған «ТикоВак» вакцинасы қолжетімді екенін атап өтті.
- 18 жасқа дейінгі балаларға, тұрғылықты ауданына қарамастан, иммуноглобулин енгізуді қоса алғанда, шұғыл профилактика Манас көшесі, 40 мекенжайындағы Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында жүргізіледі. Кене энцефалитінің алдын алудың ең сенімді жолы — вакцинация. Оны Алматы қаласының емханаларында алуға болады, - деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Алматы өңірінде кене шағу өршіп тұрғанын хабарлады.