Алматы өңірінде кене шағу өршіп тұр — ДСМ
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде кене белсенділігі биыл әдеттегіден ерте басталды. Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, кейінгі аптада елде кене шағудың 1515 жағдайы тіркелген.
Мамандар эпидемиологиялық маусымның ерте бастауына күннің жылынуы мен ылғалдылықтың артуы себеп дейді.
— Биыл эпидемиологиялық маусым былтырға қарағанда 1-2 апта ерте, наурыз айында басталды. Әзірге кене энцефалиті тіркелген жоқ. Бірақ кене шақу бойынша шағымдар бар. Қазірге дейін 5 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінді. Оның 50 пайызы балалар. Кене шаққан адамдардың 97 пайызы жедел профилактикалық көмек ретінде иммуноглобулин алды, — дейді ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бас сарапшысы Арай Зекенова Jibek joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Қазіргі уақытта кене шағу жағдайлары әсіресе оңтүстік-шығыс өңірлерде жиі тіркеліп отыр.
— Қазір кене шағу Алматы облысы мен Алматы қаласында өршіп тұр. Бірақ табиғи ошақ болғандықтан және эпидемиялық маусым ерте басталған соң бұл қалыпты деп ойлаймын, — дейді маман.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанда кене энцефалиті бойынша нақты эндемиялық аумақтар белгіленген. Бұл өңірлерде тұрғындарға сақтық шараларын күшейту ұсынылады.
— Бізде нақты белгіленген эндемиялық аумақ бар. Оның ішінде Алматы мен оның маңайы, Алматы облысы, Жетісу облысы, Шығыс Қазақстан облысы бар. Оған қоса Абай облысы, Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысында бір-бір ауданнан бар. Барлық аймақтағы кенелер бірдей ауру таратпайды, — дейді студия қонағы.
Сондай-ақ мамандар биыл кененің белсенді кезеңі де ертерек шарықтауы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Жер үйде тұратын азаматтарға аумақты арнайы ұйымдар арқылы дәрілету ұсынылады.
— Эпидемиялогиялық кезеңнің ерте басталуына байланысты шарықтау шағы де ерте келеді деп ойлаймын. Өйткені күн жылып, ылғалдылық арта бастағанда олар белсенді бола түседі. Жер үйде тұратын азаматтар өз ауласын дезинфекция бойынша лицензиясы бар жеке меншік ұйымдар арқылы дәрілей алады. Оған қоса Ұлттық сараптама орталығы да жүргізеді. Ал шығын азаматтардың қалтасынан өтеледі, — деп түйіндеді сарапшы.
Еске сала кетейік, кене арқылы таралатын ауру күшейіп келеді.