Алматыда қыркүйектің алғашқы күндері мектеп маңында қауіпсіздік күшейтіледі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жаңа оқу жылының алғашқы күндері Алматы мектептерінің маңында қауіпсіздік күшейеді. 

полиция полицейская машина полиция көлігі
Фото: Максат Шагырбаев/ Kazinform

Алматы қаласы полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, қарбалас кезде 700 полиция қызметкері мен 130-дан астам экипаж қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, жол қозғалысын реттеуге атсалысады.

— Жалпы білім беретін мектептерде сол аумақты, оқу орнына кіреберіс пен жаяу жүргіншілер жолын жақсы білетін полиция қызметкерлері бекітілген. Қыркүйектің алғашқы күндерінде олардың жұмысы күшейтіледі. Көлік қозғалысы аса тығыз учаскелерде инспекторлар қолмен реттеуге көшеді. Бұл балалардың жолдан қауіпсіз өтуіне, көлік ағынының шамадан тыс кептеліс тудырмауына мүмкіндік береді, — деді Тимур Ноғайбаев.

Оның айтуынша, ереже бұзып, көлігін оңды-солды жолға қойып кететін ата-аналарға ескерту жасалады. Жаяу жүргіншілер өткеліне тым жақын қойылған көлік балаға жолды көруге кедергі келтіріп, жүргізуші жаяу жүргіншіні байқамай қалуы мүмкін. Полиция көлікті екінші қатармен қоймауға және мектепке кіреберіс жерде кептеліс туғызбауға шақырды.

— Балалардың қауіпсіздігін тек полицияның күшімен қамтамасыз ету мүмкін емес. Бұл — полицияның, педагогтердің, ата-ананың, жүргізушілер мен оқушылардың ортақ жауапкершілігі, — деп атап өтті Тимур Ноғайбаев.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда ашылатын жаңа «Келешек мектептері» жайлы жазғанбыз.