Алматыда көші-қон заңнамасын бұзған 76 шетелдік депортацияланды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда көші-қон заңнамасын бұзудың 600-ден астам дерегі анықталды.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, анықталған деректердің басым бөлігі шетел азаматтарының елде болу тәртібін сақтамауына байланысты болған.
– Екі күні ішінде 636 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 513 шетел азаматы Қазақстан Республикасында болу қағидаларын бұзған, 107 қабылдаушы тұлға олардың заңды болуын қамтамасыз етпеген. Ал 16 жұмыс беруші шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған. Сот шешімімен 76 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды, - деп хабарлады департаменттен.
Сонымен қатар полиция заңсыз көші-қон арнасын ұйымдастыру дерегі анықталып, іздеуде жүрген шетелдік азамат ұсталғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін СҚО-да биыл көші-қон заңнамасын бұзудың 3 мыңнан астам дерегі анықталды.