Алматыда құбырды ауыстыру жұмыстарына байланысты бір көшеде жол жабылады
АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы жылыту маусымына дайындық аясында Алматының Медеу ауданында 1989 жылы пайдалануға берілген ұзындығы шамамен 350 метр жылу құбыры жаңартылады. Бұл туралы «Алматы жылу жүйесі» ЖШС мамандары айтты.
Осыған байланысты 2026 жылы 13 шілдеден бастап Самал-2 шағынауданындағы Снегин көшесінің Меңдіқұлов бульвары мен Достық даңғылы аралығында автокөлік қозғалысына уақытша шектеу енгізіледі.
— Шектеу көше астындағы құбыр желісін жоспарлы қайта жаңғыртуды қауіпсіз жүргізу мақсатында енгізіліп отыр, — делінген хабарламада.
Қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін кезеңде тұтынушыларға ыстық су беру тоқтатылмайды.
Аталған жылу желісі 8 көпқабатты тұрғын үйді, 1 мектепті, 2 балабақшаны және тағы 15 өзге нысанды жылу энергиясымен және ыстық сумен қамтамасыз етеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Төле би көшесін қала шекарасына дейін ұзарту жобасы аясында Жуалы көшесінің бір бөлігінде автокөлік қозғалысы бір айға шектелгенін хабарлаған едік.