Алматыда мәдениет және өнер қызметкерлеріне Президент стипендиясы табыс етілді

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әдебиет және өнер қайраткерлеріне Мемлекет басшысының өкімімен тағайындалған 2023 жылғы мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны табыс етті.

марапат
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінен

Салтанатты іс-шара Алматының «Достық үйінде» өтті. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ақын-жазушылар мен әдебиеттанушыларға, драматургтер мен публицистерге, театр, кино және балет актерлеріне, қолөнершілер мен өзге де мәдениет майталмандарына стипендия табыс етті. Мемлекеттік стипендия Қазақстанның 75 әдебиет пен өнер қайраткеріне берілді. 

«Жыл сайын тағайындалатын мемлекеттік стипендия – мемлекеттің мәдениет пен өнер қайраткерлеріне, шығармашылық қызметкерлеріне және жас дарындарға жасаған қолдауы мен қамқорлығының айғағы, сондай-ақ, олардың Қазақстанның мәдениетін өркендетіп, әлемге танытуға қосқан үлестеріне көрсетілген құрмет», - деді министр. 

марапат
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінен

Мәдениет саласындағы стипендия Асанәлі Әшімов, Мырзатай Жолдасбеков, Бибігүл Төлегенова, Олжас Сүлейменов Иранбек Оразбаев, Нұрғали Нүсіпжан, Тұңғышбай Жаманқұлов, Меруерт Өтекешова, Амандос Ақанаев, Дулат Исабеков, Төлен Әбдік, Әкім Тарази, Гульвер Разиева және басқа да қазақ әдебиеті мен өнерінің майталмандарына табысталды.

Сонымен қатар Канн халықаралық фестивалінің лауреаты Самал Есләмова, скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, суретші Ренат Елубаев, әншілер Андрей Трегубенко, Назым Сағынтай, актер Максим Ященко секілді және өзге де жас дарындарға мемлекеттік қолдау көрсетілді. 

Соңғы жаңалықтар