Алматыда мәслихат депутаты өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Amanat партиясынан сайланған Алматы қалалық мәслихатының депутаты Рамазан Бекбол өз еркімен өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатты.

Қалалық мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиевтің айтуынша, бұл шешім «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына және депутаттың жеке өтінішіне және аумақтық сайлау комиссиясының ұсынысына сәйкес қабылданды.
– Біз онымен екі жыл қоян-қолтық жұмыс істедік. Оның жеке өтінішіне байланысты депутаттық өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы шешім қабылданды. Ол жемісті еңбек етті, екі шақырылымда депутат болды. Барлық әріптестерінің атынан атқарған жұмысы үшін алғыс білдіремін, – деді Мейіржан Отыншиев.
Бос қалған депутаттық мандатты кім иеленетіні туралы шешімді кейін Amanat партиясы қабылдайды.
Бұған дейін ҚР «Сайлау туралы» заңына сәйкес, «Аmanat» партиясының тізімі бойынша мәслихат депутатының бос мандаты Кристина Бекмырзаева берілген еді.
Ол бұл қызметке қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы болып тағайындалған Асия Ақанованың орнына келген болатын.