Алматыда мемлекеттік қаржыландыруға үміткер 95 киножоба байқауға қатысып жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда киножобалар питчингі басталды.

Алматыда мемлекеттік қаржыландыруға үміткер 95 киножоба байқауға қатысып жатыр
Фото: Ұлттық киноны қолдау орталығы

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының мәліметінше, биыл байқаудың финалдық кезеңіне мемлекеттік қаржылай қолдау мен ұлттық фильм мәртебесіне үміткер 95 киножоба қатысып жатыр.

Жалпы киножобалар байқауы биыл 1 наурызда басталды. Алғашқы кезеңіне электронды форматта жалпы саны 323 өтінім келіп түскен. Ұсынылған материалдарды тексеру нәтижесінде 277 жоба Сараптама кеңесінің қарауына жолданды. Бірінші кезең қорытындысы бойынша сценарийлер мен сценарийлік жоспарлар форматында ұсынылған 107 жоба келесі кезеңге өтті. Ал толық құжаттар топтамасын қарау нәтижесінде 95 жоба питчингке қатысу құқығына ие болды.

Алматыда мемлекеттік қаржыландыруға үміткер 95 киножоба байқауға қатысып жатыр
Фото: Ұлттық киноны қолдау орталығы

Биыл басым бағыттар қатарына отбасы құндылықтары мен ұрпақ сабақтастығы, тарих пен мәдени мұра, қазіргі заманғы еңбек адамының бейнесі, балалар киносы, экология, спорт және салауатты өмір салты, сондай-ақ бірлік, бейбітшілік пен қоғамдық келісім идеялары енгізілді.

Ашық қорғаудың алғашқы күнінде қатысушылар Сараптама кеңесіне көркем фильмдер санатындағы жобаларын таныстырды. Үш күн бойы авторлар өз жұмыстарын ұсынып, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік қаржылай қолдауға және ұлттық фильм мәртебесіне үміткер жобаларға қатысты ұсынымдар қалыптастырылады.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының төрағасы Құрманбек Жұмағали мұндай іріктеудің отандық киноны дамытудағы маңызы туралы айтты.

Алматыда мемлекеттік қаржыландыруға үміткер 95 киножоба байқауға қатысып жатыр
Фото: Ұлттық киноны қолдау орталығы

— Питчинг — байқаудың ең маңызды кезеңдерінің бірі. Авторлар жобаларын Сараптамалық кеңеске таныстырып қана қоймай, тақырыптың өзектілігін, шығармашылық топтың кәсіби деңгейін және болашақ фильмнің әлеуетін көрсете алады. Кино орталығы үшін іріктеудің барлық кезеңінің ашық әрі әділ өтуі — басты қағидаттардың бірі. Биылғы жобалар заманауи қазақстандық киноның дамуына өз үлесін қосып, көрермен жүрегінен орын алады деп сенемін, — деді Құрманбек Жұмағали.

Еске салайық, Алматы облысында Оңтүстік Кореяның кино компаниясы телехикая түсіріп жатыр.