Алматыда Президент резиденциясының орнындағы саябақ қашан ашылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM - Алдағы уақытта Президенттің қызметтік резиденциясының орнында саябақ салу жұмыстары басталады.

Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Алматы әкімдігі саябақтың жобасы түзетіліп, қайта сараптамаға жіберілгенін хабарлады.
— Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы Назарбаев даңғылының батысы мен Ганди көшесінің солтүстігінде саябақ салуға аумақты қайта құру жобасын (мастер-жоспар) әзірлеп, оны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр, - делінген жауапта.

Сондай-ақ әкімдік жауабына сәйкес, құрылыс жұмыстары сараптама аяқталғаннан кейін басталады.
— Бүгінгі таңда сараптама қорытындысы күтілуде, содан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары басталады, - деп хабарлады әкімдіктен.
Айта кеткен жөн, қазір резиденция орны қаңырап, бос тұр.

Тарихи ғимаратттың тарихы
Резиденция тарихы 1979 жылдан басталады. Осы жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаев Алматыда Ленин атындағы музейдің филиалын салуды тапсырған болатын. Осылайша, ғимарат алғашқыда мұражай кешені ретінде жобаланған.

Алайда ғимараттың құрылыс тек 1983 жылы басталып, 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына байланысты тоқтап қалады. Ғимарат 1993 жылға дейін аяқталмаған күйде болды. Ол кезде нысан 90 пайызға дайын еді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жоба жаңа мақсатта қайта жанданды. Мұнда ел Президентінің резиденциясы ашылатын болды. Сәулетшілер - Қ.Монтахаев, О.Цай, О.Баймағамбетов, Қ.Нұрманбетов және конструктор Т.Алпысбаев қазақ ою-өрнектерін заманауи формалармен үйлестіре отырып, ғимаратты безендірді. Интерьер дизайнын жасауға шетелдік дизайнерлер — Де Шанель мен Е.Питаевская (Франция) қатысты.
Резиденция ресми мемлекеттік іс-шараларды өткізуге арнайы жобаланып жасалды. Онда шағын кеңселер және үлкен зал кеңістіктері болды. Ал ғимараттың батыс жағында Республика алаңымен үйлесетін саябақ салынды.
2021 жылы ғимараттың қасбеті мен жарықтандыруын жаңарту жоспарланған болатын, бірақ Қаңтар оқиғасына байланысты бұл жұмыстар басталған жоқ.
Еске салайық, 2022 жылы 5 қаңтар күні Президент резиденциясын бір топ адам басып алып, өртеп жіберді.


Кейін Мемлекет басшысының шешімімен бұл ғимарат сүріліп, оның орнына саябақ салынатыны хабарланды.


Ал мамандар Алматыдағы Президент резиденциясы неліктен сүрілетінін түсіндірді. Сарапшылар резиденция ғимаратын қайта жабдықтап, оны пайдалану қауіпсіз емес екенін айтты.
2022 жылы наурыз айында Алматыдағы Президент резиденциясы тарихи ескерткіштер тізімінен алынып тасталды.
2022 жылы қазан айында Алматы әкімі Ерболат Досаев Президент резиденциясын сүру жұмыстары іс жүзінде аяқталғанын айтты.