Алматыда Президент резиденциясының орнындағы саябақ құрылысына 2,2 млрд теңге жұмсалады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Президент резиденциясының орнында салынып жатқан жаңа саябақ жеке инвестициялар есебінен де қаржыландырылады.

Жоба Назарбаев даңғылының батысы мен Ганди көшесінің солтүстігінде орналасқан 4,16 гектар аумақта жүзеге асырылып жатыр. Kazinform агенттігінің сауалына жауап берген Алматы қаласының қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының мәліметінше, жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін бюджеттен 944,5 млн теңге бөлінген. Оның ішінде құрылыс жұмыстарына бөлінген негізгі сома — 821,4 млн теңге. Ал авторлық және техникалық қадағалауға 3,3 млн теңге және 18,7 млн теңге қарастырылған.
— Бюджет шығындарын оңтайландыру мақсатында жобаға жеке қаражатты тарту арқылы қосымша қаржыландыру көзделген. Демеушілер қаражатының жалпы сомасы — 2,2 млрд теңге. Бұл қаражат қайтарымсыз негізде ұсынылды, — делінген ресми жауапта.
Бұған дейін аталған аумақта ұңғыма бұрғыланып, құрылымдарды бетондау жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған болатын.
— Қазіргі таңда негізгі бұзу және дайындық жұмыстары аяқталып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деп хабарлады басқармадан.
Еске салайық, Президент резиденциясының орнындағы жаңа саябақ қандай болатынын жазғанбыз. Онда қыс кезінде жұмыс істейтін мұз айдынын ашу, арнайы автотұрақ дайындау, 1,5 мың ағаш отырғызу және өзге де жұмыстар жоспарланған.
2022 жылы 5 қаңтар күні Президент резиденциясын бір топ адам басып алып, өртеп жіберді. Сондықтан Мемлекет басшысының шешімімен бұл ғимарат сүріліп, оның орнына саябақ салынатыны хабарланды.
Кейін Мамандар Алматыдағы Президент резиденциясы неліктен сүрілетінін түсіндірді.
2022 жылы наурыз айында Алматыдағы Президент резиденциясы тарихи ескерткіштер тізімінен алынып тасталды.
2022 жылы қазан айында Алматының экс-әкімі Ерболат Досаев Президент резиденциясын сүру жұмыстары іс жүзінде аяқталғанын айтты.