Алматыда сарбаз әскери бөлім ғимаратының үшінші қабатынан секіріп кетті
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде әскери форма киген жігіттің жерде қансырап жатқан сәті түсірілген видео тарады.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға Алматыдағы Гоголь мен Масанчи көшелерінің қиылысында болған.
Ақпаратты Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі растады.
Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылғы 4 қазанда 5571 әскери бөлімінде мерзімді қызметтегі сарбаз үшінші қабаттан секіріп кеткен. Ол Алматы шұғыл медициналық жәрдем ауруханасына жеткізіліп, қажетті көмек көрсетіліп жатыр.
— Дәрігерлер оған «бейімделу бұзылысы» диагнозын қойды. Сарбаз әскерге шақырылмас бұрын жақын туысынан айырылған және әскери-дәрігерлік комиссияның шешімін күтіп жүрген. Комиссия оның әскери қызметті жалғастыруға жарамдылығын анықтауға тиіс болған, — делінген ресми жауапта.
Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі сонымен бірге бейнебақылау камераларының жазбаларынан оқиғаға өзге адамдардың қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Қазір қызметтік тексеріс тағайындалып, мән-жай анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстауда өзіне жарақат салған сарбаз психикалық денсаулық орталығына жатқызылғанын жазған едік.