Алматыда сауда үйіндегі өрт кезінде екі бала мен ересек адам құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Алматының Алатау ауданында орналасқан сауда үйінде өрт шығып, үш адам құтқарылды. Олардың екеуі — бала, деп хабарлайды қалалық төтенше жағдайлар департаменті.
1 тамыз күні «112» пультіне Нұркент шағынауданындағы сауда үйі ғимаратында қатты түтін тарағаны туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер дереу барлау жұмыстарын жүргізіп, ғимаратта адамдардың бар-жоғын анықтауға кірісті. Тексеру барысында өрттің нысанның бірінші қабатында шыққаны белгілі болды.
— Құтқарушылар жоғарғы қабаттардан үш адамды эвакуациялады. Оның ішінде екі бала үш иінді саты арқылы сыртқа шығарылса, бір ересек адам арнайы құтқару қалпағының көмегімен құтқарылған, — делінген хабарламада.
Өрт жедел түрде оқшауланып, толық сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда еңбек демалысында жүрген полиция қызметкері өртке оранған пәтерден бес баланы құтқарып, ірі қайғылы оқиғаның алдын алғанын жазғанбыз.