Алматыда сенімгерлік басқаруға берілген неке сарайы қалаға қайтарылады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда жылдар бойы ғашықтардың орталығы болған неке сарайы әлі де нашар күйде тұр.
Былтыр Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасы Абай даңғылы, 101А мекенжайында орналасқан «Жас Отау» неке сарайы «Jar JarAlmaty» ЖШС-іне сенімгерлік басқаруға берілгенін хабарлаған болатын.
Нысанды сатып алу құқығынсыз 10 жыл мерзімге алған компания 1 млрд теңге инвестиция салуға міндетті болған.
Оның ішінде ғимараттың сәулеттік келбетін сақтай отырып қасбетін жөндеу, оның айналасын абаттандыру жұмыстары бар.
Алайда талай алматылық жұптың бақыты бекемделіп, некесі қиылған нысан қазір нашар күйде тұр.
Нысанға арнайы барған Kazinform фототілшісі бұл жағдайға көз жеткізді.
Неке сарайының қасбетінде бұзылған тұстары көп, ал оның айналасы абаттандырылмаған.
Осыған орай, агенттік тиісті ведомствоға сауал жолдады.
Оған жауап берген Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқарма басшысының орынбасары Жантөре Айтжанов нысанның болашағын нақтылады.
— «Jar JarAlmaty» ЖШС сенімгерлік басқару шартында көзделген міндеттемелерді белгіленген мерзімдерде орындамауына байланысты қазіргі уақытта келісімшартты бұзу рәсімдері жүргізіліп жатыр, — деді ол.
Еске салайық, бұл нысанды сенімгерлік басқаруға алған компанияның өз міндеттерін орындамауы алғаш рет емес. 2016 жылы неке сарайы «Алтын дән Қазақстан» компаниясына 20 жылға сенімгерлік басқаруға берілген. Алайда артылған міндеттердің толық орындалмауына байланысты келісімшарт сот шешімімен бұзылды.
Бұған дейін Алматыда күніне 70 жұп неке қиятынын жазғанбыз.