Неке сарайы, аурухана, музей: Алматыда қараусыз қалған ғимараттар қашан жөнделеді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда біраз жылдар бойы қараусыз қалған не жөндеу көрмеген ғимараттар баршылық. Олардың қала келбетіне нұқсан келтіретіні сөзсіз.

алматы
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Kazinform агенттігі жауапты ведомстволарға сауал жолдап, қаладағы бірнеше маңызды нысан бойынша жоба-жоспарды анықтады.

Былтыр Алматының Неке сарайы қараусыз қалғанын жазғанбыз. Алмалы ауданы Абай даңғылының бойында орналасқан ғимарат 1971 жылы салынған.

2016 жылы Неке сарайы «Алтын дән Қазақстан» компаниясына 20 жылға сенімгерлік басқаруға берілген, алайда артылған міндеттердің толық орындалмауына байланысты келісімшарт сот шешімімен бұзылған.

алматы
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Кейінгі жылдары сырт келбеті нашарлаған нысан қазіргі уақытта Алматы қаласының мемлекеттік активтер басқармасының иелігінде.

Агенттік сауалына жауап берген ведомство Неке сарайы 10 жылға сенімгерлік басқаруға берілгенін хабарлады. 

Мемлекеттік активтер басқармасының жауабына сәйкес, объект мемлекеттік мүлікті тиімді басқару, жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ нысанға кемінде 1 млрд теңге инвестиция тарту мақсатында берілген.

— Алмалы ауданы Абай даңғылы, 101А мекенжайында орналасқан «Жас Отау» неке сарайы электронды тендер арқылы «Jar Jar Almaty» ЖШС-ына 10 жыл мерзімге сатып алу құқығынсыз сенімгерлік басқаруға берілді. Электронды тендердің талаптарына сәйкес, сенімгерлік басқаруға алған компания шарт жасалған сәттен бастап бір жыл ішінде сәулеттік келбетін сақтай отырып, ғимараттың қасбетіне жөндеу жұмыстарын жүргізуге, оның айналасын абаттандыруға міндетті, — деп хабарлады басқармадан.

алматы
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Сонымен қатар ведомство өз жауабында Неке сарайының нысаналы мақсаты өзгермейтінін атап өтті.

— Тендердің шарттарына сәйкес, нысан тек мақсатты бағытта ғана қолданылады, — делінген жауапта.

Теміржол ауруханасының тағдыры

2023 жылы Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаев Абай мен Масаншы көшелерінің қиылысында орналасқан бұрынғы теміржол ауруханасының орнында балаларды оңалту орталығы ашылатынын айтқан еді. 

Көп жылдар қараусыз қалған ғимараттың бүгінгі жағдайы мүшкіл. Ғимараттың қабырғасы көгеріп, есік-терезесі сынған.

Кейін ғимарат аумағы қоршалып, нысан паспорты ілінген. Паспорт бойынша жөндеу жұмыстары 2024 жылдың мамырында басталып, 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс еді. 

Алматы
Фото: Александр Павский/Kazinform

Алайда жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу белгіленген мерзімде аяқталмаған соң құрылыс жұмыстары 2024 жылдың қазан айына ауыстырылды.

Дегенмен құрылыс жұмыстары бүгінгі дейін әлі басталған жоқ.

Алматы қаласының құрылыс басқармасы агенттік сауалына жауап бере отырып, Балаларды оңалту орталағының жобасы мемлекеттік сараптамадан ұсынылған уақытта өте алмағанын мәлімдеді.

Железнодорожная больница Алматы
Фото: Александр Павский / Kazinform

— Осы жылдың 3 наурызында бұл нысан бойынша әзірленген жобалау-сметалық құжаттама «Мемсараптама» РМК порталына сараптамадан өту үшін жүктелді. Қазіргі таңда жобалаушы ұйым — «Жетісу сәулет құрылысы» ЖШС жобалық шешімдер бойынша берілген «Мемсараптама» мекемесінің ескертулерін пысықтап жатыр. Қорытынды беру уақыты — 2025 жылғы 10 маусым. Қорытынды нәтижесіне қарай құрылысты қаржыландыру мәселесі қаралады, — делінген құрылыс басқармасының жауабында.

жд больница
Фото: Досбол Атажан / Kazinform

Олимпиадалық даңқ музейі 

Қалада  нысандардың бірі — олимпиадалық даңқ музейі. Сейфуллин және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан Республикалық спорт және олимпиадалық даңқ музейінің бүгінгі жағдайына қала тұрғындары шағымданған болатын.

Алматыдағы Спорттық және олимпиадалық даңқ музейі
Фото: Александр Павский/ Kazinform

2016 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген музейге байланысты Қазақ спорт және туризм академиясы жауап берген еді.

Алматыдағы Спорттық және олимпиадалық даңқ музейі
Фото: Александр Павский/ Kazinform

— Мұражай ғимараты архитектуралық ескерткіштер санатына жататындықтан біз «Қазқайтажаңғырту» РМК талаптарына сәйкес және осы мекеменің арнайы рұқсатынсыз ғимараттың сыртқы келбетіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Бірақ біздің мекеменің шаруашылық жұмыстарының жоспарына сәйкес, осы жылдың жаз мезгілінде жеңіл жөндеу жоспарланған, — деп хабарлады академия.

Алматыдағы Спорттық және олимпиадалық даңқ музейі
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Еске салайық, бұған дейін Алматының «Атакент» аумағындағы жер телімі мемлекет қажетіне алынатынын жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар