Алматыда шетел азаматына тіл тигізіп, күш көрсеткен ер адам ұсталды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда шетел азаматына тіл тигізіп, күш көрсеткен ер адам ұсталып, сот шешімімен 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұл туралы Алматы полиция департаменті хабарлады.

қылмыскер, қамауға алу
Фото: Polisia.kz

Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік желіде жарияланған ақпарат полицияның тексеруіне негіз болған. Онда шетел азаматы қала орталығында серуендеп жүрген кезде бейтаныс ер адамның ұлттық белгісі бойынша балағаттап, оған қол көтергені және ұялы телефонын тартып алуға әрекет жасағаны айтылған.

Оқиғаға байланысты Алматы полиция департаменті Алмалы аудандық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің жеке басын жедел анықтап, оны ұстады.

– Тексеру нәтижесінде құқық бұзушыға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Сот оны кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешім шығарды, - делінген хабарламада.

Алматы полициясы қоғамдық тәртіпті бұзып, азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген заңсыз әрекетке жедел құқықтық баға берілетінін ескертті.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда туристерден 150 доллар жолақы алған такси жүргізушісі жазаланғанын жазған едік.